Астанада халықаралық аудармашылар күніне арналған кәсіби кездесу өтті

29 September 2026

29 қыркүйекте Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» тақырыбында кәсіби кездесу өтті. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырған басқосуда аударма саласына жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың ықпалы, қазақ тіліндегі аударманың сапасы және мамандарға қойылатын жаңа кәсіби талаптар талқыланды.

Кездесуге ұлттық компаниялар мен түрлі салада еңбек ететін кәсіби аудармашылар, редакторлар, филологтар және тіл мамандары қатысты. Кәсіби басқосу академиялық ортадағы аудармадан қазақша дубляж бен субтитр, дипломатиялық коммуникацияға дейінгі түрлі бағыттағы тәжірибені тоғыстырды.

Кездесуді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы ашып, сала мамандарын Халықаралық аудармашылар күнімен құттықтады. Ол аударманың әлемдік білім мен мәдениетті қазақ тілінде қолжетімді етудегі, сондай-ақ қазақтың рухани мұрасын әлемге танытудағы маңызына тоқталды.

«Аударма – тілдің мүмкіндігін кеңейтетін үлкен интеллектуалдық еңбек. Қалыптасқан кәсіби аударма мектебінің арқасында әлемдік білім мен әдебиетті қазақша сөйлетіп, қазақтың рухани мұрасын өзге тілдерге таныта алдық. Бүгінде бұл саланың келбеті өзгеріп келеді. Бұрын аудармашының негізгі құралдарының бірі сөздік болса, қазір оған цифрлық платформалар мен жасанды интеллект қосылды. Бірақ технология аудармашының маңызын төмендетпейді. Керісінше, тілдің табиғатын сезіну, мәдени контексті сақтау, мәтіннің сапасы мен мағынасын бағалау бұрынғыдан да маңызды. Сондықтан жаңа технологияларды қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейтуге және аударма сапасын арттыруға пайдалануымыз керек», – деді Рауан Кенжеханұлы.

Жасанды интеллектінің аударма мен академиялық ортаға ықпалы кездесудегі негізгі талқылаулардың бірі болды. Ұлттық аударма бюросының аудармашы-редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, PhD Гүлшат Түсіпова жасанды интеллектінің зерттеу үдерісіне енуі және оның мамандарға беретін жаңа мүмкіндіктері туралы айтты. Бұл тақырыпты филолог, аудармашы, редактор, «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы Назгүл Қожабек қазақ тілінің ерекшеліктері тұрғысынан жалғастырып, жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданылып жатқан кезеңде қазақша мәтіннің табиғилығын сақтау, тілдің өзіндік құрылымын ескеру және аударма сапасын қамтамасыз етудегі маманның рөліне тоқталды.

Аударма сапасы мәселесі аудиовизуалды контент аясында да талқыланды. Disney және Amazon компанияларының сертификатталған аудармашысы, аударма сапасын бақылау маманы Нұрдәулет Затилла қазақша дубляж бен субтитрдің қазіргі жағдайы туралы айтты. Ол «Аватар», «Өрмекші Адам», «Ойыншықтар хикаясы 5» сынды туындыларды қоса алғанда, оннан астам фильмді аудару жобасына қатысқан.

Кездесуде аударманың халықаралық коммуникациядағы орны туралы айтылды. Дипломат, шығыстанушы, Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда елшіліктің күнделікті қызметіндегі аударма тәжірибесімен бөлісті. Қазақ тілін жетік меңгерген дипломат ретінде ол аударманың халықаралық ортадағы практикалық қырларына тоқталды.

Негізгі кездесуден кейін кәсіби әңгіме практикалық форматта жалғасты. Назгүл Қожабек «Қазіргі аудармадағы грамматика мәселелері» тақырыбында воркшоп өткізіп, қатысушылармен аударма барысында кездесетін тілдік және грамматикалық мәселелерді талқылады.

Аударма және қазақ тіліндегі сапалы мазмұнды көбейту – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Қоғам әлемдік білім мен мәдениетті қазақ тілінде қолжетімді етуге және ұлттық әдеби мұраны шетел аудиториясына танытуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.

Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – 50-ге жуық маманның қатысуымен әзірленген Oxford Qazaq Dictionary сөздігі. Сөздік 10 мың данамен басылып, еліміздің кітапханаларына тегін таратылды. Қазақ әдебиетін әлемге таныту мақсатында Абай шығармалары әлемнің он тіліне аударылды. Әлемдік ғылыми және танымдық әдебиеттерді қазақ оқырманына жеткізу бағытында америкалық ғалым Фредерик Старрдың Орталық Азияның интеллектуалдық тарихына арналған екі іргелі еңбегі – «Ұмытылған ұлылық: Орталық Азияның араб шапқыншылығынан Әмір Темірге дейінгі алтын ғасыры» және «Өз заманының генийлері. Ибн Сина, Бируни және ұмытылған ұлылық» қазақша жарық көрді. Сонымен қатар Қоғам балаларға арналған және іскерлік әдебиеттерді қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсыну бағытында жұмыс жүргізіп келеді.

Халықаралық аудармашылар күніне арналған кездесу дәстүрлі аударма тәжірибесі мен жаңа технологиялардың тоғысындағы мәселелерді кәсіби ортада талқылауға мүмкіндік берді. Қатысушылар аудармашының өзгеріп келе жатқан рөліне, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануға, қазақ тіліндегі аударманың табиғилығы мен сапасын сақтауға назар аударды.